Волейбол: Өскеменнің «Берел» командасы «Тұранды» тізе бүктірді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты 4-турының жұма күнгі ойындары аяқталды.

Волейбол: Өскеменнің «Берел» командасы «Тұранды» тізе бүктірді
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Орталық кездесу турнир кестесінде екінші орында келе жатқан Өскеменнің «Берелі» мен өткен жылғы ел чемпионы «Тұранның» (Түркістан) арасында болды. 

Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктерге түркістандықтар бірінші партияда ғана қарсылық көрсете алды – 3:0 (30:28, 25:18, 25:8).

Осылайша, 61 ұпай жинаған «Берел» бұрынғыша 2-сатыда келеді.

«Ақтөбені» 3:0 (25:20, 25:12, 25:11) ұтқан «Қуаныш» (СҚО) 58-ұпаймен үздік үштікте тұр. 

«Ару-Астана» көш соңындағы павлодарлық «Ертісті» қиналмай жеңді – 3:0 (25:14, 25:13, 25:18).

«Жетісу» өз алаңында «Қарағандыны» 3:0 (25:23, 25:12, 25:16) есебімен қапы қалдырып, 67 ұпаймен көшбасшылық тізгінді ешкімге берер емес.

Сенбіде командалар демалып, жексенбіде қайтадан алаңға шығады. Бұл күні «Ару-Астана» мен «Грация KZ» өзара бәсекеге түсіп, үздік сегіздікке ілігу үшін таласатын болады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісудың» қатарынан 12 матчта жеңіске қол жеткізгенін жазған едік.

Сондай-ақ «Грация KZ» командасы «Алматыдан» айласын асырды.