Волейбол: «Тұранды» жеңген «Берел» бірінші орынға көтерілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Өскемен қаласында өтіп жатқан XXXIII Қазақстан чемпионатының бірінші турында сәрсенбі күні орталық матчта «Берел» мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасты.
Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар биыл көктемде өз тарихында алғаш рет чемпион атанса, өскемендіктер (бас бапкері Ришат Гилязутдинов) бірінші турда жеңілмей келе жатқан еді.
Матч аса тартысты өрбіп, бес сетке созылды. Онда алаң иелері 3:2 (22:25, 25:16, 25:15, 27:29, 15:12) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, 16 ұпай жинаған «Берел» бірінші орынға көтерілді. Екінші орындағы «Жетісу» (Талдықорған) клубының да қоржынында 16 ұпай бар. «Қарағанды» (15 ұпай) үшінші сатыда.
Ертең, бірінші турдың соңғы күні «Алматы» - «Жетісу», «Ару-Астана» - «Грация KZ», «Қарағанды» - «Қуаныш» (СҚО), «Тұран» - «Ертіс» (Павлодар), «Берел» - «Ақтөбе» командалары өзара сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» жеңілмей келе жатқан «Қарағандыны» ұтқанын жазған болатынбыз.