Волейбол: «Жайық» командасы «Буревестниктен» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Жайық» пен «Буревестник» (Алматы) кездесті. 

Волейбол
Фото: olympic.kz

Алматылықтарды кезінде спорттық мансабын Оралда аяқтап, «Конденсаттың» бас бапкері болған Игорь Никольченконың жаттықтырады. Сондай-ақ «Буревестник» құрамында Орал волейболының түлегі, либеро Қайрат Байбеков өнер көрсетеді. 

Ал Виктор Козик баптайтын «Жайықтың» негізгі құрамында жергілікті ойыншылардан команда капитаны Виталий Вориводин мен Владимир Прокофьев бар. 

Бұл бәсекеде жеңіске жеткен жағдайда алматылықтар алғашқы үштікке енер еді. Бірінші кезеңде оралдықтар 25:18 есебімен басым түсті. Екіншісінде «Буревестник» есе қайырды – 26:24. Бірақ бұдан кейін «Жайық» дес бермеді – 25:14, 25:16. Қорытынды есеп – 3:1.

Айта кетейік, қатарынан 12 кездесуін жеңіспен аяқтап, ұпай санын 37-ге жеткізген «Жайық» клубы көш басында тұр. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Жетісу» камбэк жасап, «Павлодарды» жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар