12:20, 10 Ақпан 2011 | GMT +5
Волейбол: "Жетісу" командасы жеңіліп қалды
АЛМАТЫ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Павлодарда волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХІХ Қазақстан чемпионатының 3-тур ойындары аса тартысты өтіп жатыр.
Онда алғашқы 2 турда барлық қарсыластарынан басым түсіп 20 ұпаймен көш бастаған Алматы облысының "Жетісу" командасы кеше алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Олар турнир кестесінде 17 ұпаймен 2-орында келе жатқан Павлодар облысының "Ертіс-Қазхромына" 2:3 есебімен есе жіберді. Жарыс қожайындары алдыңғы күні "алматылықтарды" (3:1) қапы қалдырған болатын. Бұл турнирде әзірге павлодарлықтардан басқа 15 ұпаймен үзтік үштікті түйіндеп тұрған Қарағанды облысының "Қарағанды" командасы ғана жеңіліссіз келе жатыр. Олар "Астананадан" 3:2, ал "Алматыдан" 3:1 есебімен басым түсті. Бүгін енді "Астана" мен "Алматы", "Қарағанды" мен "Жетісу", "Ертіс-Қазхром" мен "Металлург АМТ" (Теміртау) өзара күш сынасады.