Волейболдан ел біріншілігінде Өскеменнің «Берелі» «Алматыны» тізе бүктірді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші турында Өскеменнің «Берелі» мен «Алматы» командалары кездесті.
Турнир кестесінде үздік үштікте тұрған «Берелді» Ришат Гилязутдинов жаттықтырса, «Алматының» бапкері оның ағасы Рафаэль Гилязутдинов еді.
Үш партияда да Ришаттың шәкірттері басымдылық тізгінін уысынан шығарған жоқ – 3:0 (25:17, 25:17, 25:16).
Осы ойыннан кейін 50 ұпай жинаған өскемендіктер «Жетісу» командасымен екінші-үшінші орынды бөлісіп тұр. «Қуаныш» (СҚО) бұрынғыша көш бастаса, 49 ұпайы бар «Тұран» (Түркістан) төртінші, «Алматы» (43 ұпай) бесінші орында келеді.
Бүгін сондай-ақ «Жетісу» Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:18, 25:14, 25:13), «Қарағанды» Өскеменнің «Алтайын» 3:0 (25:22, 25:17, 25:22) есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Тұранның» «Жетісу» командасынан айласын асырғанын жазған болатынбыз.