Волейболдан ел чемпионатында «Берел» мен «Жетісу» командалары алда келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында кезекті ойындар нәтижесі белгілі болды.

Волейболдан ел чемпионатында «Берел» мен «Жетісу» командалары алда келеді
Фото: «Жетісу» волйбол клубы

Өткен жылғы кубок пен суперкубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) командасы «Алматыны» 3:0 (2513, 25:16, 25:20) есебімен қиналмай ұтты.

Сондай-ақ Қазақстан чемпионатының өткен жылғы күміс жүлдегері «Берел» (Өскемен) клубы «Ақтөбені» бұйым құрлы көрген жоқ — 3:0 (25:12, 25:15, 25:14).

Өскемендіктер жеңіс саны (15, ұпайы — 42) жөнінен алда тұрса, талдықорғандықтар ұпай санын 44-ке жеткізді.

Ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) Павлодардың «Ертісінен» басым түсті — 3:1 (25:20, 22:25, 25:11, 25:16).

Ең тартысты кездесу «Ару-Астана» мен «Грация KZ» (Орал) арасында болды. Кеше астаналықтар күтпеген жерден көш соңындағы «Ертіске» 2:3 есебімен есе жіберген еді. Бүгін қос клубтың да жеңіске жететіндей мүмкіндіктері болды. Бес партияға созылған ойында сәттілік астаналықтар жағында болды — 3:2 (25:23, 25:23, 20:25, 23:25, 15:10). Бұл кездесу қорытындысымен «Ару-Астана» 2, «Грация KZ» 1 ұпайға ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Берелдің» ел чемпионы «Тұран» командасын ұтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар