Волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» ақтөбеліктерге есе жіберді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан XXXIII Қазақстан чемпионатының екінші турында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ақтөбе» кездесті.

Қоржынында 24 ұпайы бар талдықорғандықтар осы ойында ұтса, онда турнир кестесінде бірінші орынға көтерілер еді. Өйткені көш басындағы Оралдың «Жайығы» (25 ұпай) бүгінгі бәсекелерге қатыспайды.
Дүйсенбі күні оралдықтарға 0:3 есебімен жол берген ақтөбеліктерге де ұпай ауадай қажет еді.
Бірінші партияда «Жетісу» 25:21 есебімен басым түскенімен, бұдан кейін ақтөбеліктер күш алып кетті – 25:23, 25:21, 25:21. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша, 20 ұпай жинаған ақтөбеліктер қайтадан үшінші орынға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионы «Тараздың» атыраулықтардан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.