Волейболдан ерлер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандықтар екінші кезеңді сәтті өткізуде

Кеше олар Тайпей құрамасын 3:0 (25-17, 25-15, 25-22) есебімен ойсырата ұтты. Бұған дейін олар Ауғанстан волейболшыларын да 3:0 (25-14, 25-13, 25-9) жеңген болатын. Қазақстандықтар бүгін енді Катар спортшыларымен кездесетін болады. Олар алғашқы ойында өзбекстандықтарды 3:0 есебімен жеңгенімен, кеше индонезиялықтардан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Қазіргі таңда қазақстандықтар өнер көрсетіп жатқан 9-16 орындарға таласатын командалар арасында Қазақстан, Тайланд және Индонезия құрамалары ғана жеңіліссіз келе жатыр. Ал 1-8 орындарды сарапқа салушылар арасында Австралия. Иран, Оңтүстік Корея мен Үндістан спортшылары қарсыластарын 2 ойында да қапы қалдырып үлгерді. Бүгін екінші кезеңнің соңғы ойындарын өткізген соң, жартылай сынға шыққан командалар белгілі болады. Ал жеңімпаздар 29-қыркүйектегі ақтық ойында анықталады.