Волейболдан ерлер арасындағы клубтық Азия чемпионатында алматылықтар төртінші орын алды
АЛМАТЫ. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қытайдың Шанхай қаласында 30 маусым мен 8 шілде аралығында волейболдан ерлер арасындағы ХІІІ клубтық Азия чемпионаты өтті.
Онда тұңғыш рет Катардың «Аl Arabi» командасы жеңімпаз атанды. Топтық кезеңде Иранның «Kaleh Mazandaran» командасынан ұтылып қалған олар жартылай финалда есе қайтарып, финалда қытайдың «Shanghai Tang Dynasty» командасын ұтты. Ал ұлттық құрама мүшелерімен күшейтілген «Алматы» жартылай финалда қытайлықтарға, қола жүлде үшін болған финалдық ойында ирандықтарға есе жіберіп, Азияның 16 мемлекетінің арасында төртінші орынды қанағат тұтты. Бұған дейін олар 2011 жылы Индонезияда, 2008 жылы Алматыда күміс жүлдегер, 2009 жылы БАӘ-де - 9, 2010 жыл Қытайда 5 орын алған болатын.