Волейболдан Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының бірінші турында алаң иелері жеңіске жетті.

Волейболдан Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары аяқталды
Фото: "ЖЕТІСУ" волейбол клубы

Қазақстан чемпионы және суперкубок иегері «Жетісу» клубы Талдықорғанда сенбі күні Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:10, 25:16, 25:13) есебімен жеңді.

Талдықорғандықтар жексенбі күні де дес берген жоқ — 3:0 (25:11, 25:15, 25:20).

Сондай-ақ «Берел» клубы Өскеменде Алматының «Буревестник» командасын бастапқыда 3:0 (25:16, 25:17, 25:16) есебімен қапы қалдырды. Өскемендіктер екінші күні де басымдылық танытты — 3:1 (23:25, 25:15, 25:17, 25:16).

«Қуаныш» клубы Петропавлда «Қарағанды» командасын 3:1 (25:16, 25:23, 23:25, 25:14) және 3:0 (25:18, 25:11, 25:22) есебімен тізе бүктірді.

Сол секілді «Тұран» Түркістанда «Ақтөбеден» екі матчта да 3:0 (25:16, 25:17, 25:19) және (25:17, 25:10, 25:13) есебімен айласын асырды.

Екінші турда 15-16 қазанда «Берел» — «Қарағанды», «Қуаныш» — «Ертіс», «Буревестник» — «Ақтөбе», «Тұран» — «Жетісу» командалары өзара шеберлік байқасып, екі ойыннан өткізеді.

Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық волейбол лигасы 2026-2027 жылғы маусымнан бастап жаңа форматқа көшті. 

Бұл жүйеге сәйкес командалар өз алаңында және қонақта екі матчтан ойнайды. 

Қазақстан волейбол федерациясының мәліметі бойынша жаңа формат чемпионаттың сапасы мен бәсекелестігін арттыруға, клубтық инфрақұрылымды дамытуға және командалар мен жанкүйерлер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының Аустралиядан басым түскенін жазған едік.