Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Бастапқы турда кімдер кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы, Тараз, Талдықорған және Өскемен қалаларында 17-18 қазанда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары өтеді.

Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Бастапқы турда кімдер кездеседі
Фото: "Буревестник" ВК

Биыл күзден бастап ұлттық лига жаңа форматқа көшкені белгілі. Осыған орай командалар өз алаңында және сыртта екі ойыннан өткізеді.

Қазақстан волейбол федерациясының мәліметіне қарағанда, әйелдердің ұлттық лигасында 8 команда өнер көрсетсе, ерлер арасында 9 клуб бақ сынайды. Сондықтан ерлердің тұрақты чемпионаты 18 турдан тұрады. Плей-офф бәсекелеріне дейін әр клуб 16 матч өткізеді.

Олардың біреуі тур сайын екі ойыннан тыс қалып отырады. Бұл жолы 17-18 қазандағы ойындарға ел чемпионатының қола жүлдегері Оралдың «Жайығы» қатыспайды. 

Демалыс күндері «Буревестник» Алматыдағы өз алаңында «Атырау» клубын қабылдайды. 

Тартысты ойындар Таразда жергілікті команда мен биылғы күміс жүлдегер «Ақтөбенің» арасында өтпек. 

Қазақстан чемпионы «Жетісу» (Жетісу облысы) Талдықорғанда ұлттық лига дебютанты «Оқжетпесті» (Ақмола) сынап көреді. 

Сондай-ақ «Берел» Өскеменде «Қуаныш» (СҚО) командасымен кездеседі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісу» ерлер клубы алғаш рет ел чемпионы атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ «Жайық» волейбол клубы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.