Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Қола жүлде үшін бәсекеде «Жетісу» клубы «Атыраудан» басым түсті

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ұлттық лига клубтары арасында жүлделер үшін шешуші бәсекелер басталды.

Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Қола жүлде үшін бәсекеде «Жетісу» клубы «Атыраудан» басым түсті
Фото: Атырау ВК

Қола медаль үшін алғашқы ойында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау» командалары алаңға шықты. 

Марат Адрышев жаттықтыратын жетісулықтар бастапқы екі партияны өз есебіне жазды – 25:14, 25:22. Бұдан кейін Ислам Жұмабековтің шәкірттері қарымта қайтаратындай көрінген – 25:23.

Алайда талдықорғандықтар оған жеткізбеді – 25:21. Қорытынды есеп – 3:1.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді. «Жетісу» жеңсе, қола жүлде иесі анықталады.

«Атырау» есе қайырса, үшінші матч ойналады. 

Бесінші орын үшін бәсекеде «Буревестник» өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодарды» тізе бүктірді – 3:0 (25:22, 25:21, 25:21).

Жетінші саты үшін таласта өткен жылғы чемпион «Тараз» СҚО-ның «Есілін» жеңді – 3:0 (25:21, 25:16, 26:24). 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайық» клубының финалға жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар