Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Оралдың «Жайығы» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты алтыншы турының алғашқы ойындары өткізілді.

Қазақстан волейбол федерациясы
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Таразда алаң иелері биылғы қола жүлдегер Оралдың «Жайығын» қабылдады.

Виктор Козик жаттықтыратын батысқазақстандықтар бастапқы екі ойында Алматыда «Буревестникке» жол бергенімен, одан кейін ұпай жоғалтпай келе жатқан еді. Ал тараздықтар қатарынан үш матчта жеңіліс тапқан болатын.

Бұл жолы алғашқы екі партия 30:28, 25:23 есебімен «Жайықтың» пайдасына шешілді. Алайда бұдан кейін тараздықтар таразы басын теңестіре білді – 25:21, 25:19. Аса тартысты өткен бесінші сетте оралдықтар табандылық танытты – 17:15. Қорытынды есеп – 3:2.

Осылайша, «Жайық» қатарынан бесінші ойынында жеңіске жетті.

Сенсациялық нәтиже Талдықорғанда тіркелді. Онда Қазақстан чемпионы «Жетісу» атыраулықтарға есе жіберді – 1:3 (22:25, 23:25, 25:16, 23:25).

Ақтөбеліктер Өскеменде жергілікті «Берелді» айқын басымдылықпен ұтты – 3:0 (25:14, 25:17, 25:15).

Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында «Қуанышты» (СҚО) тізе бүктірді – 3:2 (21:25, 25:15, 25:27, 25:21, 15:9).

Командалар жұма күні екінші кездесулерін өткізеді.

Турнир кестесінде алтыншы турға қатыспайтын «Буревестник» 25 ұпаймен көш бастап тұрса, «Атырау» (20 ұпай) екінші, «Оқжетпес» (19) үшінші орында келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Буревестник» клубы «Таразды» тізе бүктіргенін жазған едік.