Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Тұран» финалда бірінші матчта жеңіске жетті

Волейбол
Фото: ҚВФ

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында алаң иелері – «Тұран» мен «Берел» (ШҚО) клубтары финалдағы алғашқы матчын өткізді.

Бұған дейін қос команда да чемпион атанып көрмеген еді.

Асқар Шалқыбеков баптайтын түркістандықтарды биыл алтынға таласады деп көп ешкімнің күте қоймағаны анық. Оның үстіне «Тұран» біріншілік барысында өткен жылғы күміс жүлдегер, биыл Азия клубтық чемпионатына қатысатын «Қуаныштан» (СҚО) екі рет ұтылған болатын. Соның есесін А.Шалқыбековтің шәкірттері жартылай финалда қайтара білді. Өскеменнің «Алтайы» құрамында талай биікті бағындырған Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, 34 жастағы Сана Анарқұлова шешуші бәсекелерде сәтті ойнай алды. Команда капитаны, 36 жастағы Майра Колдина, 24-тегі Жанна Сыроешкина, қытайлық Сунь Сяосюань, либеро Сандуғаш Асанова сынды ойыншылар жеңіске өз үлестерін қосты. 

Орал волейболының түлегі С.Анарқұлова финалда өзінің бұрынғы командаластарына қарсы келді деуге болады. Өйткені «Берелдің» құрамындағылар негізінен бұрын «Алтайдың» намысын жыртқандар еді. Команда капитаны Кристина Аниконова, Светлана Николаева, ресейлік Ирина Малькова, сербиялықтар Сара Сакрадзия, байланыстырушы Александра Чирович, Қазақстанның белді либеролары Мәдина Бекет пен Томирис Сағымбаеваға осы маусымда Талдықорғаннан түлеп ұшқан 21 жастағы шабуылшы Бота Уатаева қосылды. Өскемендіктердің бас бапкері Ришат Гилязутдинов Қазақстан құрамасын да қоса жаттықтырып келеді. 

Бұл жолы бірінші партияда «Берел» алда келе жатыр еді. Алайда Ж.Сыроешкинаның доп берудегі шеберлігі ойын барысын күрт өзгертіп жіберді – 25:22.

Есесіне екінші сет соңына таман өскемендіктер сәтті қимылдады – 26:24. Дегенмен қалған екі партияда «Тұран» жеңістік берген жоқ – 25:22, 25:20. Қорытынды есеп – 3:1.

Сейсенбі күні қос клуб финалдағы екінші кездесуін өткізеді. «Тұран» жеңсе, чемпион атанады.

Ал «Берел» есе қайтарса, жеңімпаз үшінші матчта анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Қуаныш» командасының қола жүлдеге жақын тұрғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар