Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» «Қуаныш» командасын тізе бүктірді

волейбол
Фото: "Жетісу" волейбол клубының Instagran парақшасы

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионаты бірінші турының жексенбі күнгі ойындары аяқталды.

Бүгін «Жетісу» (Талдықорған) және «Қуаныш» (СҚО) командалары арасында тартысты бәсеке болды.

Өз спорттық жолында сегіз мәрте ел чемпионы атанған талдықорғандықтар биылғы маусымды сәтті бастап, суперкубокты төртінші рет жеңіп алды. Ал соңғы жылдары жүлделі орындардан көрініп жүрген солтүстікқазақстандықтар (бас бапкері Азамат Есімов) биыл Азия клубтық чемпионатында өнер көрсетіп, төртінші орынға табан тіреген болатын.

Бұл жолы командалар партиялар барысында алма-кезек алға шыққанымен, сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері жеңісті жұлып алды – 3:0 (25:23, 25:23, 25:21).

Көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:11, 25:17, 25:12) есебімен ұтқан «Қарағанды» 12 ұпаймен турнир кестесінде топ бастап келеді.

Ұлттық лигаға биыл қосылған «Грация KZ» (Орал) командасын 3:1 (25:17, 12:25, 25:11, 25:9) есебімен жеңген Өскеменнің «Берелі» 11 ұпаймен екінші орында. «Жетісу» 10 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Чемпионат дебютанты «Грация KZ» клубының (бас бапкері Айна Ғұбашева) еншісінде әзірге бір ғана ұпай бар. Команда жаттықтырушыларының бірі Нұрсұлу Ғұбашеваның сөзіне қарағанда, «Грация KZ» құрамында қазіргі кезде екі таилық, бір алматылық, бір қостанайлық ойыншы бар. Қалғандарының бәрі – Орал волейболының түлектері. Биыл Зарина Ситқазинова командаға қайтып оралды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында орталық матчта «Берел» «Жетісу» клубын ұтқанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram