Волейболдан Қазақстан чемпионаты: финалға шыққан командалар анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Талдықорған қаласында волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында ҚР ХХХ чемпионатының плей-офф бәсекелері нәтижесінде финалға шыққан командалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылғы ел чемпионы Өскеменнің «Алтайы» «Алматыны» екі рет ұтып, финалға жолдама алды.

Екінші жолдаманы 2021 жылғы күміс жүлдегер «Жетісу» (Талдықорған) мен қола медаль иегері «Қуаныш» (СҚО) клубы сарапқа салды. Бұл бәсеке өте шиеленісті өтіп, бір-бір жеңістен кейін үшінші матчты өткізуге тура келді.

Соңғы ойынды сербиялық маман Дарко Добресков жаттықтыратын «Қуаныш» командасы қарқынды бастап, бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті – 25:15. Әйтсе де екінші партияда үш сетболды пайдалана алмай, қарсыласына жол беріп қойды – 27:29. Үшінші сетте де солтүстікқазақстандықтар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмаса, Елена Павлова баптайтын талдықорғандықтар шешуші сәттерді мүлт жібермеді – 26:24. Төртінші партияда олар «Қуанышқа» дес берген жоқ – 25:20. Серия қорытындысы – 2:1.

Осылайша биыл да күтпеген нәтиже бола қойған жоқ.

«Жетісу» мен «Алтай» алтын, «Қуаныш» пен «Алматы» қола жүлдені сарапқа салатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионы «Алтайдың» «Жетісу» командасын ұтқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар