Волейболдан Қазақстан құрамасы 2010 жылғы әлем чемпионатының 3-ші іріктеу кезеңіне қатысады
АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Ерлер арасындағы волейболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы 2010 жылы өтетін Әлем чемпионатына жолдама ұтып алу жолындағы сайыстарын жалғастыруда. 28-ші тамыз күні Жапонияның Комаки қаласында құрама 3-ші кезең бойынша кезекті сайысын өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол қауымдастығына сілтеме жасап.
Біздің құрама 3-ші іріктеу кезеңінде Иран, Оңтүстік Корея, Жапония құрамаларымен сынға түседі. Әлем чемпионатына осы кезеңде 1, 2 орын алған құрамалар қатыса алады. Ойындар шеңбер үлгісі бойынша өткізіледі. Қазірге дейін чемпионат жолдамасын 17 команда ұтып алғаны белгілі болды. 2010 жылғы Әлем чемпионатының қорытынды сайысы Милан қаласында 24 қыркүйекте басталып, 10 қазанда Римде аяқталады. Оған 24 команда қатысады.