Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы ҚР Президенті кубогының иегері атанды
АЛМАТЫ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Өскеменде ҚР Президенті кубогы үшін өткен 16-шы халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шілденің 21-і күні жалауын көтерген бұл дүбірлі додаға биыл 6 елден 10 команда қатысқан болатын. Онда Нелли Щербакова жаттықтыратын әйелдер құрамасы Қытай, Украина және Ұлыбритания спортшыларын тізе бүктіріп 12 ұпаймен Қазақстан Президенті кубогының иесі атанды. Турнирдің өткен жылғы жеңімпазы - Қытайдың Сычуань провинциясының құрамасы 10 ұпаймен екінші, ал Ұлыбритания волейболшылары 8 ұпаймен үшінші орын алды. Ерлер арасындағы сайыста барлық кездесуді өз пайдасына шешкен ресейлік волейболшылар 10 ұпаймен турнир жеңімпазы болды. Бір ойында ғана ұтылыс тапқан Эстония құрамасы екінші, ал екі ойында жеңілген Қазақстан құрамасы үшінші орын алды.
Жалпы волейболдан Қазақстан Президенті кубогы турнирі 1994-1998 жылдары Павлодар қаласында, алдымен әйелдер командалары арасында өткен болатын. Кейін Алматыда жалғасын тапқан бұл бәсекеге 1999 жылдан бастап ерлер командалары да қатыса бастады. Бұған дейін бұл жарыс Алматыда 4 рет, Астана мен Атырауда екі реттен, Орал мен Теміртауда өткен болатын.