Волейболдан Ұлттар кубогы: Қазақстан жартылай финалда Вьетнаммен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнам астанасы Ханой қаласында волейболдан әйелдер құрамалары арасында өтіп жатқан AVC Ұлттар кубогында Қазақстан өз тобындағы соңғы кездесуін өткізді.

Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын қазақстандықтар Филиппин құрамасымен В тобындағы бірінші орын үшін сынға түсті.
Осыған дейін Қазақстан 12, Филиппин 10 ұпай жинаған еді. Сондықтан қазақстандықтарға өз тобында көш басында қалуы үшін 2:3 есебімен жеңілсе де, жеткілікті еді. Алайда нағыз сын сәтте филиппиндіктер күш алып кетіп, дес бермеді – 3:0 (25:21, 25:15, 25:19). Бұған Иранмен өткен ойында Қазақстан құрамасының капитаны Сана Анарқұлованың жарақат алып қалуы да әсер еткендей.
Осылайша, В тобынан жартылай финалға Филиппин 13 ұпаймен бірінші, Қазақстан екінші орынмен жолдама алды.
Қазақстан жартылай финалда жарыс фавориті – Вьетнаммен ойнайды. Өткен жылы финалда қазақстандықтар дәл осы құрамадан ұтылған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Ұлттар кубогында Қазақстан маңызды кездесуде Иранды қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.