Волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатының 3-інші туры Астанада өтеді

АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада 15-22 қаңтар күндері волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХ Қазақстан чемпионатының 3-інші тур ойындары болады.

Волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасындағы ел  чемпионатының 3-інші туры Астанада өтеді

Қазір турнир кестесінде алғашқы 2 турдың қорытындысы бойынша 36 ұпаймен «жетісулықтар» (Алматы облысы) көш бастап тұр. Олардан 10 ұпайға артта қалып қойған Павлодар облысының («Ертіс-Қазхром») волейболшылары 2-нші орында келеді. Павлодардан кейінгі астаналықтардың қоржынынада 25 ұпай бар. Өткен турда алматылықтарды басып озған Қарағанды облысының командасы («Қарағанды») 14 ұпаймен 4-інші орынға орналасса, «Алматы» - 10, «Металлург АМТ» (Теміртау) - 9, «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен) - 4 ұпаймен 5, 6 және 7-нші орындарды сәйкесінше иеленді.  

Астанада өтетін 3-інші тур ойындары павлодарлықтар мен өскемендіктердің, алматылықтар мен қарағандылықтардың, астаналықтар мен теміртаулықтардың арасындағы кездесулермен басталады. Ал жұпсыз қалған Алматы облысының волейболшылары алғашқы ойынын 16 қаңтарда павлодарлық құрдастарымен өткізбек.