Волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасындағы ел чемпионатының ақтық туры Талдықорғанда өтеді
АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Волейболдан 3-10 сәуір күндері Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХ Қазақстан чемпионатының 6-тур ойындары болады.
Өткен жыл чемпионы атанған Алматы облысының «Жетісу» командасы 2010/2011 жылғы маусымда да қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық атаққа мерзімінен бұрын қол жеткізді. Олар енді 20-30 сәуір күндері Тайландтың Накхон Ратчасима қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Ал Қазақстан чемпионатының күміс және қола жүлдесін биыл астаналықтар мен павлодарлықтар иеленуі мүмкін. Өткен 5 турда «Жетісу» - 54, «Астана» - 39, «Ертіс Қазхром» (Павлодар облысы) - 32, Қарағанды» (Қарағанды облысы) - 25, «Алматы» - 20, Металлург АМТ» (Теміртау) - 13, «Шығыс-Қорғасын Құрылыс» (Өскемен) - 6 ұпай жинаған болатын. Ақтық тур енді Астана мен Алматы қалаларының волейболшылары арасындағы ойынмен басталады. Одан кейін Павлодар мен Қарағанды облыстарының және Алматы облысы мен Өскемен қаласының командалары кездеседі. Алматылық волейболшы қыздар Ұлттық лигадағы ерлер командалаыр арасында көш бастап келе жатқан жігіттердің нәтижесіне қол жеткізе алмады. Олар бұл маусымда үздік үштіктің қатарына ене алмады.