Волейболдан Жоғарғы лиганың «А» дивизионында ерлер арасында 2 команда жеңіліссіз келеді
АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат - Алматыда Жоғарғы лиганың «А» дивизионындағы ерлер командалары арасында Қазақстан чемпионатының 1-ші туры өтіп жатыр.
Алғашқы 3 кездесудің қорытындысы бойынша турнир кестесін 8 ұпаймен «Шығыс ҚорғасынҚұрылыс-2» (Өскемен) мен «Ұшқын-ҚазҰАУ» волейболшылары бастап келе жатыр. Оларды 1 ұпайы кем «Динамо-Қазығұрт» (Шымкент) өкшелеп келеді. Қоржынында 4 ұпайы бар «Жайық-Конденсат» (Орал) пен «Семей» 4-5 орынды бөліссе, 3 ұпайы бар «Есіл-Виктория» (Қызылжар) алтыншы, 2 ұпайы бар «Ертіс-АҚ АО» (Павлодар) жетінші, ал бірде-бір ұпайы жоқ «ВСМК АрселорМиталл» (Теміртау) турнир кестесін түйіндеуде.
Бүгін енді шымкенттіктер өскемендіктермен, теміртаулықтар қызылжарлықтармен, алматылықтар семейліктермен, павлодарлықтар оралдықтармен күш сынасуда. Егер көш басшылар бұл ойында да қарсыластарынан басым түссе, ертең өзара сайысқа түсіп нағыз мықтыны анықтайтын болады. Жалпы ел чемпионатының алғашқы турының нәтижесі 29 қараша күнгі ақтық кездесулерден кейін белгілі болмақ.