Волейболдан Жоғары лиганың «А» тобындағы ел чемпионатында шымкенттіктер үздік шықты
АЛМАТЫ. 19 қараша. ҚазАқпарат - Өскеменде 11-18 қараша күндері волейболдан Жоғары лиганың «А» дивизионындағы ерлер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 1-туры өтті.
Онда жарыс қожайындарына («Шығыс Қорғасын-2») 2:3 есебімен ұтылып, мүмкін болған 21 ұпайдың 19-ын өз қоржынына салған шымкенттің «Динамо-Қазығұрты» жеңімпаз атанды. Олардан 2 ұпайы кем өскемендіктер екінші, ал 15 ұпайдан жинаған «Ұшқын-ҚазҰАУ» (Алматы) мен «Семей» 3-4 орынға табан тіреді. Одан кейінгі сатыға Қызылжардың «Есіл Виктория» (8 ұпай), Оралдың «Жайық-Конденсат» (6 ұпай), «Павлодар-2» (4 ұпай) мен жарысқа қатыспағандықтан барлық кездесулеріне 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазылған Теміртаудың «ВСМК АрселорМиттал» командалары орналасты.
Енді жарыстың келесі туры 18-27 желтоқсанда Павлодарда өтетін болады.