Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы іріктеу кездесулерін сәтті өткізді.

Аталған жарысқа 8 ерлер және 7 әйелдер құрама командалары қатысып жатыр.
Қазақстандықтар алдымен Сауд Арабиясын ойсырата ұтты — 3:0 (25:13, 25:8, 25:9).
Содан кейін Жапония құрамасын да осындай есеппен тізе бүктірді — 3:0 (25:18, 25:13, 25:16).
Қазақстан құрамасы бүгін Аустралияны 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахауовтың айтуынша, 13 маусым күні қазақстандықтар жартылай финалда Таиландпен ойнайды.
Финалдық бәсеке 14 маусым күні болады.
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасының өткен жылы Париж Паралимпиадасында бесінші орынға ие болғаны белгілі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Атырау» клубының параволейболдан Азия чемпионатында жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.