Волгоградтағы лаңкестіктен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ - ҚР СІМ
АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Волгоград вокзалында орын алған лаңкестіктен зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз Ресейдегі дипломатиялық өкілдікке хабарластық. Алдын ала мәліметтер бойынша, Волгоград вокзалында орын алған лаңкестіктен зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Волгоградта Мәскеу уақытымен 12.45-те (Астана уақытымен 14.45-те) теміржол вокзалында жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыс салдарынан 16 адам көз жұмды, ондаған адам зардап шекті. Нұсқалардың бірі бойынша, лаңкестік әрекетін дағыстандық Оксана Асланова жасаған болуы мүмкін.