Volkswagen қысқартуларға байланысты SEAT маркасынан бас тартуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Volkswagen концернінің қайта құрылымдау жоспарына байланысты испандық SEAT автокөлік маркасының өндірісі 2029 жылға қарай тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Confidencial басылымы концерн басшылығына жақын дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазды DW.

Volkswagen қысқартуларға байланысты SEAT маркасынан бас тартуы мүмкін
Фото: Wesat/DW

Испания үкіметі SEAT-ты сақтап қалуға күш салатынын мәлімдеді. Бірінші вице-премьер Карлос Куэрпо марканы кезінде елдің дамуы мен әл-ауқатының символына айналған бренд деп атады.

Сарапшылардың пікірінше, Volkswagen-нің қайта құрылымдауына әлемдік автонарықтағы бәсекенің күшеюі, шығындарды азайту, жаңа технологияларға инвестиция салу және болашағы төмен модельдерден бас тарту қажеттігі себеп болған.

Испанияда Volkswagen үшін Cupra маркасы анағұрлым перспективалы саналады. 2018 жылы пайда болған Cupra қазірдің өзінде әлемдік нарықта танымал бола бастаған, ал 1950 жылдан бері шығарылатын SEAT көліктері негізінен Испанияның өзінде сұранысқа ие.

Cupra испандық Volkswagen бөлімшесінің негізгі табысын қамтамасыз етеді. Компанияның елде екі зауыты бар. Каталониядағы кәсіпорында 15 мың адам жұмыс істейді, бұл Испаниядағы ең ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Памплонадағы зауытта 4 870 қызметкер бар.

Сарапшы Карлос Гарсия Рамостың айтуынша, қайта құрылымдау негізінен шығарылатын модельдер санына әсер етеді, сондықтан жұмыс орындары сақталуы мүмкін.

Алайда Volkswagen-нің жоспары туралы ақпарат тарағаннан кейін SEAT көліктерінің сатылымы төмендей бастаған. Испания билігінің марканы сақтап қалуға ұмтылысы оң бағаланғанымен, сарапшылар неміс концернінің шешіміне Мадридтің ықпалы шектеулі екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Volkswagen Германиядағы төрт зауытын кезең-кезеңімен жабуды көздеп отырғанын жаздық.

Сондай-ақ Volkswagen күн электр станциясына бір отар қойды «жұмысқа алды».

Ал жақында Volkswagen-нің әлем бойынша 100 мың жұмыс орнын қысқартқалы жатқаны белгілі болды.