«Volkswagen» көліктеріндегі дау бойынша компанияның тағы бір топ-менеджері қызметінен айырылды

Брауншвейг қаласының прокуратурасы қозғалтқыштарды әзірлеу департаментінің басшысы Ханно Йелденнің (Hanno Jelden) қызметін тексеруді бастады. Ол алаяқтық жасауы мүмкін деген айып тағылғалы отыр.
«Volkswagen» концерні Германиядағы шамамен 2,4 млн автомобилін қоса алғанда, Еуроодақ елдеріндегі шамамен 8,5 млн. автомобилін кері қайтарып алады», - делінген концерннің ақпаратында.
Көліктерді кері қайтарып алу 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Көліктердің ақауын жою шығындарын автоконцерн толығымен өз мойнына алады. Компания өкілдері «Volkswagen», «Audi», «SEAT» және «Skoda» автомобиль брендтерінің иелеріне хабарласады. Мұнан бөлек, көлік алған әрбір азамат темір тұлпарының кері қайтарылуға жататындығын не болмаса жатпайтындығын компания сайтынан да анықтай алады.
Шараның қанша мерзімге созылатындығын ешкім де айта алмайды. Өйткені, проблеманы шешудің әдісі көліктердің ерекшеліктеріне байланысты қиындықтар туындатады. Ең қарапайым шешім екі литрлік турбодизелді көліктерде. Себебі, мұндай машиналарға жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету орнатыла салады. Ал моторының көлемі 1,2 және 1,6 литрлік көліктердің құрылымына техникалық өзгертулер енгізуге тура келеді.
Айта кетерлігі, американдық актер Леонардо Ди Каприоға тиесілі «Appian Way» продюсерлік компаниясы мен «Paramount Pictures» кинокомпаниясы «The New York Times» журналисі Джек Юингтің «Volkswagen» концерндегі дау-дамай туралы болашақта жазатын кітабын экрандауға құқық алды.
Естеріңізге сала кетейік, Германияның «Volkswagen» зауыты осы жылдың қыркүйек айында концерн автомобильдерінде экологиялық сынақтан өту барысында ауаны ластайтын шығарындылар көрсеткішін қасақана төмендетіп көрсететін бағдарлама анықталғаннан кейін дауға қалған еді.
Америка Құрама Штаттары елде 2009-2015 жылдары сатылған «Volkswagen» және «Audi» маркалы шамамен 500 мың көлікті концернге кері қайтарып алуға міндеттеген болатын. Мұнан бөлек, автогигант 18 млрд. доллар көлемінде айыппұл мен сот шығындарын өтеуі мүмкін.
АҚШ-тан бөлек Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде концернге қатысты тергеу амалдары басталып кетті. Компания мәліметінше, бүгінде бүкіл әлемде «алақол» бағдарламамен қамтамасыз етілген көліктердің саны 11 млн-ға жуықтайды.
Осы оқиғадан кейін концерн басшысы Мартин Винтеркорн қызметінен кетті. Оның орнын «Porsche» компаниясының басшысы Маттиас Мюллер басты. Айта кетерлігі, таяуда ғана компанияның тағы бір топ-менджері, Skoda компаниясы басқармасының төрағасы Винфрид Фаланд та қызметімен қош айтысты. Фото: Axel Schmidt / Reuters