Волоколамск пен Қапшағай бауырлас қала атанды (ФОТО)

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Жеңістің 70 жылдығын тойлау қарсаңында Волоколамск қаласында Қапшағай қаласының әкімі Сажан Кикимов пен РФ Волоколамск қаласының басшысы Василий Шаров арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, екі қала бауырлас қалалар атанды.

Волоколамск пен Қапшағай бауырлас қала атанды  (ФОТО)

Өз сөзінде В.Шаров: «Басымызға бұлт төнгенде Қазақстанда құрылған Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясы көмекке келді», - дей келе, Жеңісті жақындатуға қазақстандықтар да мол үлес қосқанын атап өтті.

В.Шаров қазақстандық делегацияны президент сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Қапшағай қаласының әкімі С.Кикимов 1941-1945 жылдары болған қан майданда біздің әкелеріміз бен аталарымыз фашистерге қарсы бірлесе соғысып, жеңіске жеткенін айтып, бүгінгі бейбіт күн үшін ардагерлерге алғыс айтты.

Шарада Қапшағайдың әлеуметтік-экономикалық жетістігі туралы фильм көрсетілді.

Қазақстандық делегация батырлар аллеясында Кеңес Одағының Батырлары Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлына гүл шоқтарын қойды. Қазақстандықтар Мәңгілік алауда от тұтатып, 28 панфиловшы батырлар жерленген жердің топырағы салынған капсуланы алды.

Келесі кезекті шарада 5 мамыр күні Қапшағай қаласында Мәңгілік алауда от тұтатылатын болады.