Волонтер: Індетпен бүкіл ел күресіп жатқанда үйімде құр қол отыра алмадым
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада волонтерлерді жинап жатқан кезде ерікті түрде дәрігерлерге көмектесуді жөн деп шешкендердің бірі – Шынар Орал. Жұмысынан босап қалған ол өз уақытын елге пайдалы болатындай жұмсауым керек дейді.
Шынар Орал елордадағы емхана ретінде жасақталған «Рамада» қонақ үйінде волонтер болып жүр. Медициналық қызметкерлермен бірге тәулік бойы коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болғандарға қызмет көрсетеді.
«Төтенше жағдайға байланысты жұмысым тоқтап қалды. Үкіметтен 42 500 теңгелік жәрдемақы алдым. Бірақ неліктен мен үйде құр қол отыруым керек деп ойладым. Халыққа, мемлекетке пайдам тисін деп, дәрігерлерге көмекке келдім. Президенттің биылғы жылды Волонтерлер жылы деп жарияланғанын білемін. Алайда өз жұмысымда жүрген кезімде волонтер болу дегеннің қандай болатынын түсіне бермейтінмін. Оңай емес, әлбетте. Бірақ жұмыс істеп жатырмыз», -дейді ол.
Шынар Орал осынау қиын кезеңде медицина қызметкерлеріне түсіністікпен қарауды сұрайды. Айтуынша мұнда балаларын апталап көрмей кеткен ақ халатты абзал жандар бар. Олардың қалыпты өмірге қайтып келуі – қазіргі елдің карантин режимін сақтауына тікелей байланысты болып отыр.
Еске сала кетсек бүгін ҚР Президенті Телерадиокешені «Карантин аумағы. Волонтерлер» атты шағым фильмді жариялаған болатын. Шағын фильмде коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болғандарды қабылдап, оқшаулайтын емхана сипатында жасақталған «Рамада» қонақ үйіндегі эксклюзивті кадрлар бейнеленген.
Медициналық қызметкерлермен бірге жүздеген волонтер тәулік бойы оқшауланған азаматтарды бақылап, оларға қызмет көрсетіп келеді. Волонтерлер емханада жабық режимде өмір сүреді. Қонақ үй аумағынан тек медициналық қызметкерлермен бірге кете алады.