Волонтерлер Нұр-Сұлтан тұрғындарына карантин тәртібін түсіндірді
Елордалық штаб еріктілері Нұр-Сұлтан көшелері мен саябақтарында қоғамдық орындарда карантин тәртібін сақтаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Волонтерлер қала тұрғындарын маска тағуға, сондай-ақ әлеуметтік қашықтық сақтауға және топталып жиналмауға шақырды.
«Коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары әлі де тіркеліп жатқанын көріп отырмыз. Алайда, біздің тұрғындар карантин шараларына - әлеуметтік қашықтық, маска тағуға немқұрайлы қарай бастады. Сондай-ақ адамдар бір-біріне қауіп төндіріп, үш-төрт адамнан, кейбір жерлерде он-он бес адамнан жинала бастады», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысы Шыңғыс Тілеулин.
Жол бойы акция ұйымдастырушылары маскасы жоқ тұрғындарды көрсе тоқтатып, оларға тегін маска таратты және сақтық нормаларының маңыздылығын естеріне салды. Тұрғындарға жауапсыздығымен өз өмірлеріне ғана емес, жақындарына да қауіп төндіретінін түсіндіру маңызды, дейді ұйымдастырушылар.
«Біз алдын алу шарасы ретінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, бірақ айыппұл салған жоқпыз. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылады. Карантин жеңілдетілді, бірақ толығымен жойылған жоқ, және бұл үнемі есте сақталуы керек», - деді ерікті Анель Мансурова.
Орталық саябақта өткен акцияға жиырма ерікті мен төрт полиция қызметкері қатысты. Шара жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин тәртібін сақтауға шақырған болатын.
«Қалаларда карантиндік шаралар сақталмайды, бұл жұқтырғандар санының артуына әкеледі. Үкімет, облыстардың, қалалардың әкімдері жағдайды түзетуі тиіс. Көпшілік орындарда, қоғамдық көлікте маскалар кию міндетті», – деп жазған болатын Қазақстан Президенті Twitter-де.