Волонтерлік қазақтың қанында бар - Асхат Сүлейменов
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Қазақстан волонтерлерінің алянсы» заңды тұлғалар бірлестігі республиканың түкпір-түкпірінен 5 мыңға жуық еріктіні бір мүддеге тоғыстырып отыр. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген осы бірлестіктің атқарушы директоры Асхат Сүлейменов волонтерлік қызмет жайында тарқатып айтып берді.
- «Қазақстан волонтерлері алянсының» негізгі мақсаты қандай?
- Біз өз жұмысымызды осыдан 5 жыл бұрын бастадық. Ол кезде елімізде волонтерлік мемлекеттік деңгейде насихатталмаған еді. Ауқымды шаралар да қазіргідей көп емес-ті. Менің ойымша, еріктілік қазақ халқының қанында бар. Ата-бабамыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп әр шаруаны бірлесе, кеңесе шешкен. «Асар» сынды салтымыз да мұның бірден-бір дәлелі. Бірлестіктің мақсаты – еріктілерді тарту арқылы қоғамға пайдалы іс жасау. Біз көбінесе экологиялық шараларға қатысамыз. Республикадағы барлық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнаттық.

- Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды?
- 2017 жылы еріктілеріміз ЭКСПО көрмесіне барып, павильондарда жұмыс істеді. Әлем бойынша қыркүйек айында өткізілетін World Cleanup Day шарасына жылда қатысудамыз. Халықаралық WWS ұйымы БҰҰ-мен бірлесіп, «Ғалам сағаты» атты жобаны іске қосқан болатын. Біз осы жобаны Қазақстан бойынша жүзеге асырудамыз. Соның аясында әр жылдың наурыз айының соңғы сенбісінде барлық ғимараттардың, тұрғын үйлердің жарығы 1 сағатқа өшіріледі. Себебі жарықтың үздіксіз қосылып тұруынан электр қуаты сарқылып, табиғи байлықтарымызға зардабын тигізуде. Әлбетте, 60 минут ішінде ешқандай мәселе шешілмейді. Десе де осы арқылы халықтың сана-сезімін ояту – біздің негізгі мақсат.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында «Birgemiz: Bilim» жобасын қолға алдық. Осы жоба бойынша оқуда озат болған еріктілерді тартып, 7-11 сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындалуға көмектесудеміз. Ауылды жерлерде оқып жатқан балаларға еш ақысыз ағылшын тілі, информатика, физика, география пәндерін оқытудамыз. Нәтижесінде, волонтерлерден білмегенін сұрап, білімін ұштаған мектеп түлектері тестілеуден жоғары балл алуда. ШҚО-ға 30-дан астам волонтер тартып, мыңға жуық баланы оқыттық.

- Бірлестіктеріңізде қанша волонтер бар?
- Жалпы ұйымға 5 мыңдай волонтер тартылған. Олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Волонтерлеріміз әр шараға білек сыбана қатысып, үнемі ұйымшылдық танытады.

- Карантин кезінде кейбір жобаларды жүзеге асыруда қиындықтар туындады ма?
- Коронавирус пандемиясына байланысты экологиялық сенбіліктерге шығуды тоқтаттық. Бірақ әлеуметтік желілер арқылы халыққа табиғатты аялап, қоршаған ортаны ластамай, тазалық сақтау қажеттігі жайлы үгіт-насихат жүргіздік. «Birgemiz: Bilim» жобасы онлайн форматқа көшірілді. Әуел баста қиындау болғанымен уақыт өте келе төселіп, балаларға қашықтан барынша сапалы білім беруге тырыстық.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Жыл сайын бекітілген әр жобаны заман талабына сай өзгертіп отырамыз. Келешекте де кейбір жобаларды толықтыру көзделуде. Алдағы уақытта мүмкіндігінше, республикалық, халықаралық деңгейде өтетін барлық шараларға қатысқымыз келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 2020 жылды Еріктілер жылы деп бекітіп, «Біз біргеміз!» деп ұран тастаған соң қалайша тасада қаламыз?! Біздің ұйымның волонтерлері ел мүддесі үшін еңбек етіп, қоғамға пайдалы іс жасауға әркез дайын.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

















