Волонтерлік туралы заңның орындалуына мониторинг жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда биыл қыркүйекте күшіне енетін волонтерлік қызмет туралы заңның орындалу процесін анықтауда мониторинг жүргізілмек. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Парламент Сенаты тарапынан біз елімізде волонтерлікті одан әрі дамытуға байланысты мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды жалғастырамыз. Бұл бағытта құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Волонтерлік туралы заңнаманың, оның ішінде біздің өңірлерде іс жүзінде іске асырылуына мониторинг жүргізу маңызды. Қажет болған жағдайда заңнамалық базаны жетілдіреміз», - деді Мәулен Әшімбаев елордада өтіп жатқан Орталық Азия волонтерлер форумы барысында.

Сондай-ақ, Сенат басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасын мақұлдағанын еске салды.

Соның аясында Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумын құруды көздейді.

«Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумын құру туралы бастама елдеріміздің парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Өңірлік кооперация мен жан-жақты ынтымақтастықтағы Орталық Азияның болашағы. Өңірлік байланыстарды нығайту және дамыту үшін барлығымызға әр түрлі деңгейде күш салу маңызды», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде соңғы үш жылдың ішінде волонтерлердің саны 4 есе, ал волонтерлік ұйымдар 3 есе артқан.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда Орталық Азия елдері волонтерлерінің форумы өтіп жатыр .


Соңғы жаңалықтар