Волонтерлікке үлкен жүрек, таза ниет керек - Бағдат Анарбаева
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері Қазақстан волонтерлер лигасының Алматыдағы бөлімшесінің жұмысы бұрынғыдан да ширай түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Волонтерлер лигасының Алматы бөлімшесінің төрағасы Бағдат Анарбаева қайырымды жандардың күнделікті жұмысы қалай басталатынын айтты.
Әдетте біз БАҚ көздерінен қанша отбасы азық-түлік себетін алып жатқан статистикасын ғана көреміз.
Ал оған дейін қораптың қалай жиналатыны, қалай жеткізілетіні, бұл жұмысты кімдер жасайтынын біле бермейміз.
Жалпы Қазақстан Волонтерлер лигасында 10 мың волонтер жұмыс істейді. Алматыда 2 мыңға жуық волонтер тіркелген. Карантин кезінде мұқтаж отбасыларға азық түлік себетін жеткізуге 51 ерікті жұмылдырылған.
Олардың ішінде 14 жастан бастап 55 жасқа келген ересек адамдар да бар.
Олардың әрқайсысын күнде таңғы 7-ден арнайы микроавтобус үйлерінен алып шығады. Сенбі, жексенбі сияқты демалыс күндері жоқ.

Таңғы 8:30-9:00 таман барлық волонтерлер штабқа жиналады. Ең алдымен медицина қызметкері волонтерлердің дене қызуын өлшеп, денсаулықтарын тексереді. Одан кейін міндетті түрде оларға таңғы ас беріледі. 10:30 шамасында қызу жұмыс басталады.

Волонтерлерге күніне 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Себебі, штаб басшылығы олардың иммунитетінің мықты болғанын қадағалайды. Олар маска, қолғап, антисептикпен қамтылған. Кешкі 20:00 шамасында арнайы автобус волонтерлерді үйлеріне жеткізеді.

«Волонтер – ең алдымен нағыз патриот. Ол өз әрекетін сөзімен емес ісімен дәлелдейтін адам. Айналамызда көмекке мұқтаж адам көп, оларды назардан тыс қалдырмау керек. Бұл қоғамдағы мейірімділікті, қайырымдылықты дамытады. Адами құндылықтарды өсіреді», - деді «Қазақстан волонтерлар лигасы» ҚҚ Алматы қаласы филиалының төрағасы Бағдат Анарбаева.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Конфликтология» мамандығы бойынша 2 курс магистранты Бағдат Анарбаева 7 жылдан бері волонтерлікпен айналысып келеді.
23 жастағы бойжеткеннің өзі нәзік болғанмен, осы жолдың ыстық - суығына шыңдалған.
Оның айтуынша, волонтер болуға кез келген адам ұмтыла бермейді.

«Ол үшін біреуге қайтарымсыз көмек беруге дайын жүрек керек. Таза ниет керек. Адам өзінің уақыты мен өз қамын құрбан ете алуы керек. Бірақ, көбінесе волонтерлікке келген адам кете алмайды. Бізді түсінбейтін адамдар көп. Азық-түлікті неге кеш жеткіздіңдер, неге басқа заттар жоқ деп ренжитіндер де бар», - деді Б.Анарбаева.
Бірақ, көп жағдайда волонтерлер шынымен мұқтаж адамдарды көріп көңіл босап, жылап та шығады.

«Бір үйге бардық. Зейнеткер қарт анасы мен мүмкіндігі шектеулі қызы ғана тұрады екен. Соңғы азығымыз бітті, не істесек екен деп ойланып жатқанда біз барған екенбіз. Екеуі де бізді құшақ жая қарсы алды. Ризалықтарын білдіріп, көзіне жас алды. Бірақ қанша қиын болса да өмірге деген ренішін, үкіметке өкпесін артып жатқан жоқ. Осындай отбасылар бізді де қанаттандырады», - деді Бағдат Анарбаева.
Ал жалғыз басты қария тұратын үйден волонтерлер тобы еріксіз жылап шыққан.
Волонтерлер лигасы бүгінде Алматыда 1932 үйге азық түлік себетін, дәрі-дәрмек жеткізген.

200 жуық нысанда қоғамдық мониторинг жүргізген. Соның нәтижесінде кейбір кәсіпкерлердің ТЖ режимін бұзғаны әшкереленген. 300 жуық адамға жедел желі арқылы кеңес берілген.
