Volvo автоконцерні 3000 жұмыс орнын қысқартады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп ЕО-дан әкелінетін тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгіземін деп сес көрсеткеннен бірнеше күн өткен соң, шведтік Volvo компаниясы 3000 қызметкерді қысқартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Батыстық ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Volvo компаниясы қысқартуларды зерттеу және әзірлеу, коммуникациялар және кадрлық басқару бөлімдерінде жүргізуді жоспарлап отыр.
Компания бұл туралы дүйсенбі күні жариялады. Бұл шешім швед автоконцернінің өз акцияларының құнын қалпына келтіру және көліктеріне сұранысты арттыру мақсатында бизнестің бір бөлігін қайта құрылымдап, шығындарды азайту әрекетінің бір бөлігі болып табылады.
Volvo компаниясының қазіргі бас директоры Хакан Самуэльссон 2022 жылға дейін он жыл бойы атқарған қызметіне жуырда қайта оралды. Ол сәуір айында шығындарды 1,9 миллиард доллар (18 миллиард швед кроны) көлемінде қысқартуға бағытталған бағдарлама ұсынды. Бұл бағдарлама аясында Volvo-ның «ақ жағалылар» санатына жататын қызметкерлерінің едәуір бөлігі қысқартылмақ. Олар компания персоналының 40 пайызын құрайды.
Volvo Cars мәлімдемесінде айтылғандай, бұл қысқарту шамамен кеңсе қызметкерлерінің 15 пайызына әсер етеді. Сондай-ақ ол 160 миллион долларды (1,5 миллиард швед кроны) құрайтын біржолғы қайта құрылымдау шығындарын туғызады.
Volvo Cars-тың жаңа қаржы директоры Фредрик Ханссон Reuters агенттігіне берген сұхбатында бұл қысқарту барлық бөлімшелер мен филиалдарға әсер ететінін, олардың көпшілігі Гетеборг қаласында орын алатынын айтты.
— Бұл біздің құрылымды тиімдірек ету үшін жасалып отыр. Бұл шаралар әр аймақта әртүрлі жолмен жүзеге асуы мүмкін. Бірақ біз барынша ұқыпты әрекет етеміз, — деді Ханссон.
Айта кетейік, бұл қысқарту туралы мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың 1 маусымнан бастап Еуроодақтан келетін импортқа 50 пайыздық салық енгізу туралы ескертуінен бірнеше күн өткен соң жасалды. Алайда дүйсенбі күні ол бұл күннен бас тартып, Вашингтон мен Брюссель арасындағы келіссөздер үшін соңғы мерзімді 9 шілдеге дейін ұзартты.
Бұған дейін Ford Германиядағы үш мыңға жуық жұмыс орнын қысқартатыны хабарланды.