ВР компаниясының аққан мұнайдың салдарын жоюға кететін шығыны 30 миллиард долларға жетуі мүмкін

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - Британдық «Бритиш Петролеум» компаниясының Мексика шығанағындағы аққан мұнайды тоқтатуға және апаттың салдарын жоюға жұмсалатын шығыны 30 миллиард долларға жетуі мүмкін. Апатқа байланысты компанияның нақты шығыны бүгін өтетін ВР директорлар кеңесінің мәжілісінде мәлім етілуі ықтимал,

ВР компаниясының   аққан   мұнайдың   салдарын   жоюға   кететін шығыны  30 миллиард   долларға жетуі   мүмкін

деп хабарлайды РБК компаниясы.

Компания өкілдері бұған дейін, алдын-ала есептеулер бойынша, шілденің 19-ындағы жағдай бойынша компанияның апат аймағындағы шығыны 4 миллиард долларды шамалағанын мәлім еткен болатын. Бұл сомаға төгілген мұнайды жинауға, қосымша ұңғылар бұрғылауға кеткен шығыстар, жағалаудағы штаттарға тиесілі өтемақылар және шағым-арыздарды сотқа жеткізбей мәселені шешуге жұмсалған қаражаттар кірген.

Шілденің 21-інде ВР американдық Apache Corporation компаниясына 7 миллиард доллар соманың АҚШ, Канада және Мысырдағы активтерін сататынын мәлім етті. Ал АҚШ Президенті Барак Обаманың әкімшілігі болса компанияға 99,7 миллион доллар соманың кезекті шот-есебін ұсынып отыр. Ақ үйдің мәлімдемесі бойынша, бұған дейін қойылған үш шоттың жалпы көлемі 122,2 миллион долларды құраған және ВР оның бәрін толық төлеген.

Президенттік әкімшіліктің мәлімдемесінде сондай-ақ, экологиялық апаттың салдарын жою жөніндегі барлық жауапкершілікті мұнай компаниясының толық өз мойнына алу керектігі тағы да атап көрсетіліп отыр.

Американдық Goldman Sachs инвестициялық банкінің бағалауынша, ВР компаниясының апаттың салдарын жою және өтемақыларды төлеу жөніндегі барлық шығыны 70 миллиард долларға жетуі мүмкін.