«Время» газетінде мазмұндалған фактілер бойынша азаматтардың хабарламаларына комиссиялық тексеру жүргізілетін болады
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша 31 қаңтар күні Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың «Время» газетінің тілшісі Виктор Бурдинмен кездесуі болды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, еліміздегі азаматтардың денсаулығын сақтау саласының ағымдағы жағдайы және даму перспективасына қатысты сұрақтар бойынша ашық диалог болды.
Министр мақалада айтылған мәселелер және денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай жетілдіру мақсатында Үкімет атқарып жатқан іс-шаралар туралы әңгімеледі.
Атап айтқанда, С. Қайырбекова ауруларды анықтау және емдеу саласында жоғары технологияларды ендіру, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге қатысатын жеке меншік емханалардың санын арттыру, медициналық қызметкерлердің біліктілігін көтеру барысы, мамандарды кәсіби үздіксіз дамыту орталығының жұмысы және шетелдерде оқыту жөнінде әңгімеледі.
Министр сондай-ақ, көрсетілетін қызмет сапасына бақылау жүйесін қатаңдату және медицина саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күресті күшейтуге бағытталған іс-шараларға тоқталды.
Сонымен қатар, ана мен бала өлім-жітімін азайту шараларын жүзеге асыру мәселелері қозғалды. 2010 жылы қабылданған іс-шаралар нәтижесінде ана өлім-жітімі - 38,3 пайызға, нәресте өлім-жітімі - 8,2 пайызға төмендегені айтылды.
«СҚ-Фармация» ЖШС Бас директоры Сыздық Баймұқанов журналистке дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы құралдардың қорын қалыптастыру және сатып алу механизмдері туралы айтты.
Журналист В.Бурдиннің мақаласында келтірілген фактілер және аталған мәселелер бойынша азаматтардың хабарламаларына комиссиялық тексеру жүргізетін жұмыс комиссиясы құрылып, нәтижесі Премьер-Министрге баяндалатын болды. Комиссияны Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Назарбек Бейсен басқарады. «Время» газетінің журналисіне аталған комиссияның жұмысына қатысу ұсынылды.
Денсаулық сақтау министрінің «Время» газетінің тілшісі Виктор Бурдинмен әңгімелесу стенограммасы Денсаулық сақтау министрлігінің www.mz.gov.kz веб-сайтына орналастырылады.