Ву әуесқой бокс Олимпиада ойындарының қатарында болмайды дегендерге жауап берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының президенті Чинг-Куо Ву әуесқой бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алынады дегендерге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізде болса осыған дейін БАҚ беттерінде әуесқой бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алынып тасталатын болды деп жазылған болатын. Оған басты себеп - Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы допинг тексерісті өткізбеуі болып отыр. 2014 жылы бір мәрте боксшылардың сынамасы алынса, 2015 жылы мүлдем тексеріс болмаған. Бұл ереже бұзушылық деп саналып, бокс Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін деген болжамдар жасалған еді.
Алайда АИБА президенті Чинг-Куо Ву шетелдік басылымдарға берген сұхбатында әуесқой бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алынбайтынын айтты.
«Бокс - Олимпиада ойындарының маңызды бөлігі. Ешкімнің де боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастайық деуге құқы жоқ. Бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасынынан алынбайды, бұл жәй ғана қауесет. 2024 жылғы Олимпиада ойындарында бокс бағдарламада болады. AIBA президенті ретінде бұл алып қашпа сөзге сенбеулеріңізді сұраймын», - деп жазады Чинг-Куо Вудың сөзін «Риа Новости».