Вучич БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін дамушы елдер есебінен кеңейтуді қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Сербия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дамушы елдерге, әсіресе Африка мемлекеттеріне көбірек орын беруді қолдайды. Бұл туралы Сербия президенті Александр Вучич БҰҰ Бас Ассамблеясы 81-сессиясының жалпы саяси пікірталасында мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

Сербия президенті Вучич сайлау күнін 10 күн ішінде жариялайды
Фото: ТАСС

— Сербия БҰҰ мен ұйым жүйесін реформалауды, оның тиімділігін арттырып, қазіргі жағдайға бейімдеуді қолдайды. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, дамушы елдердің, атап айтқанда Африка құрлығы мемлекеттерінің өкілдігін арттыру қажет деп санаймыз, — деді Вучич.

Сербия президенті сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «Шығыс Еуропа елдері тобына» қосымша орын бөлінгенін қалайтынын айтты. Сонымен бірге ол БҰҰ-ның «нақты нәтижелерге» қол жеткізуі ұйымның бастапқы қағидаттарына қайта оралмайынша мүмкін емес екенін атап өтті.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған сессияның жалпы пікірталас барысында сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жылда-жылға нығайып, өңірлік ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналып келе жатқанын мәлімдеген болатын.