«Вуэльта Мурсия» веложарысы: «Астана» жеңіске жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» командасының велошабандозы Луис Леон Санчес «Вуэльта Мурсия» біркүндік жарысында жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Испандық веложарыс Беньель қаласында бастау алып, 208,3 шақырымдық дистанциядан кейін Мурсия қаласында мәреге жетті.
Жарыс командалардың қызу бәсекесіне толы болды. Бірақ нәтижесінде, жеңіс үшін тартыс Луис Леон Санчес пен «Вуэльта Валенсияның» таяудағы жеңімпазы Алехандро Вальверде арасында өрбіді. Вальверде мәреге 2 шақырым қалған кезде қарқынын үдете түсті. «Астана» велошабандозы бұл талпынысқа жауап беріп, кейін контршабуылға көшті. Нәтижесі - Мурси қаласындағы жеңіс.
Вальверде - екінші, бельгиялық спортшы Филипп Жильбер үшінші келді. Сондай-ақ «Астананың» тағы бір көшбасшысы - Якоб Фульсанг та жақсы өнер көрсетті. Ол алтыншы болып келді.