WADA басшылығы Астанада: бүгін допингке қарсы агенттіктің маңызды отырыстары өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 22–27 қараша аралығында Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) басқарушы органдарының кездесулері өтпек. Бүгінгі жиындарда таза спортты қорғау, антидопинг кодексін іске асыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.
Қатысушылар Дүниежүзілік антидопинг кодексін іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды. Құрылтайшылар кеңесі — WADA-ның жоғары басқарушы органы. Оның құрамына спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет WADA-ның осындай деңгейдегі іс-шараларын қабылдап отыр. Оливер Неггли агенттікті 2016 жылдан бері басқарады.
Еске салсақ, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Дүниежүзілік конференциясы аясында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Президенті Ингмар Де Вос ресми сапармен келген болатын. Оны Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев салтанатты түрде әуежайда қарсы алды.
Сапар аясында тараптар алдағы ынтымақтастықты дамыту, халықаралық спорт күн тәртібі, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, ұлттық федерацияларды қолдау және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылауға басымдық беретіні хабарланды.