WADA отырыстарына қатысушылардың алғашқы легі Астанаға келді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанаға Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің отырыстарына қатысушылар келе бастады.
Алғашқылардың қатарында WADA Атқарушы комитетінің тәуелсіз мүшесі, австралиялық заңгер Венеция Беннетт және WADA Спортшылар кеңесінің төрағасы, Атқарушы комитет мүшесі Райан Пини бар. Қонақтарды Туризм және спорт министрінің орынбасары Әділет Тұрғанбаев салтанатты түрде қарсы алды.
Астанада WADA-ның екі басқарушы органының — Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің отырыстары өтеді. Құрылтайшылар кеңесі — агенттіктің жоғары басқарушы органы. Оның құрамына спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Кеңес допингке қарсы күрес саласындағы жаһандық саясатты қалыптастыруға қатысады.
Халықаралық қауымдастық өкілдері таза спорт жүйесін дамыту, Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру және алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.
Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, WADA Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің отырыстары 22-27 қарашада Астанада өтеді. Қазақстан Орталық Азияда мұндай деңгейдегі іс-шараларды алғаш рет қабылдайды.
Айта кетейік, ҚР Туризм және спорт министрлігі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осылайша еліміз таза спорт қағидаттарына берік екенін растады.