WADA президенті Витольд Банька Астанаға келді
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президенті Витольд Банька Астанаға келіп, Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездесті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастықты, допингке қарсы білім беру жұмыстарын дамыту және спорттағы адалдық қағидаттарын нығайту мәселелерін талқылады.
Витольд Банька 22–27 қараша аралығында Астанада өтіп жатқан WADA-ның басқарушы органдарының отырыстарына қатысады. Қатысушылар Дүниежүзілік антидопинг кодексін іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырады.
Еске салсақ, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Дүниежүзілік конференциясы аясында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Президенті Ингмар Де Вос ресми сапармен келген болатын. Оны Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев салтанатты түрде әуежайда қарсы алды.