WBA және IBO чемпионы Жанат Жақиянов жайлы не білеміз

АСТАНА. ҚазАҚпарат - Бүгін Американың Толедо қаласында қазақстандық Жанат Жақиянов (26-1, 18 КО) жергілікті боксшы Роуши Уорренмен (14-1, 4КО) жұдырықтасып, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.

WBA және IBO чемпионы Жанат Жақиянов жайлы не білеміз

Бұл жеңіс жерлесімізге оңайлықпен келмегені белгілі. Жақияновтың ең қауіпті қарсыласы атанған Роуши Уоррен кім? Ол бүгін неге қазақ баласының гүрзі жұдырығына шыдас бере алмады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. 

Қазақстандық кәсіпқой бокс шеберлерінен чемпиондық кездесулерге соңғы жылдары тек Головкин шығып жүр. Сондай-ақ, Бейбіт Шүменов те сондай титулдық айқасқа шығып жатады. Ал осыған дейін көптің көзіне түсе бермеген қызылжарлық қыран Жанат Жақиянов WBA және IBO титулдары үшін айқасқа түседі дегенде көптеген адамдардың күмәнмен қарағаны белгілі. Тіпті, шетелдік жанкүйерлер Уорренға алдын-ала 100 пайыз жеңісті сыйлап үлгерді. Ол осындай сенімге несімен ие болды?

Роуши Уоррен бірінші рет 17  жасында алғашқы Олимпиада ойындарына қатысыпты. 2004 жылы Афиныда америкалық боксшы бірінші кезеңде болашақ екі дүркін Олимпиада чемпионы қытайлық Цзоу Шиминьнен жеңіліп қалса, араға төрт жыл салып, Бейжің Олимпиадасында кореялық Ли Ок Суннан жеңіліп, бірінші раундта жарыс жолынан шығып қалады. Сондай-ақ, ол үшінші рет Лондон Олимпиадасына қатысып, тағы да жеңілістің ащы дәмін татады. Осы сәтсіздіктен кейін Роуши кәсіпқой боксқа біржола бет бұрады.

Сол-ақ екен, кәсіпқой рингте Уорренның жұлдызы жанады.  Небәрі үш жыл ішінде 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетеді. Ал он бесінші жекпе-жегінде чемпиондық титул үшін айқасады. Осы жекпе-жегінде доминикандық Хуан Карлос Пайономен жұдырықтасып,  өкінішке қарай, тартысты кездесуде Роуши жеңіліс табады. Жеңіске жеткен қарсыласы WBA және IBO белбеулерінің иегері атанады. Бірақ, араға бір жыл салып, қос боксшы қарымта кездесу өткізіп, америкалық қарсыласынан кеткен есесі мен белдіктерді өзіне қайтарып алады.

Ал біздің Жақиянов бірде-бір Олимпиада ойындарына қатысып көрмепті.  Жақиянов 2015 жылы кәсіпқой бокста WBA нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ол бұл атаққа Монте-Карлода өткен 12 раундтық жекпе-жекте қол жеткізді. Қарсыласы WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы венесуэлалық Йонфрес Парехон (17-1-1, 8 КО) болатын. Сондай-ақ, ол осы жылы WBC тұжырымының жаңартылған рейтингінде Таиланд тарланбозы Суриян Сор Рунгвисайды басып озып, Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласудан үміткерлер арасында бірінші орынға шықты. Мұның өзі қазақ боксшысының кәсіпқой бокс әлеміндегі орнын айқындай түсті. Сонымен қатар 2015 жылы жерлесіміз сәуір айының соңында EBU тұжырымы бойынша жеңіл салмақта (53,5 келіге дейінгі) Еуропа чемпионы атағын да жеңіп алған болатын. Осы чемпиондық атақ үшін өткен жекпе-жекте Қазақстан боксшысы француз Карим Гуэрфиді нокаутқа түсірген.

ZZ лақап атымен өнер көрсетіп жүрген жерлесіміз жеңіл салмақта WBC Eurasia Pacific Boxing Council атағын жеңіп алған.

Жанат кәсіпқой боксқа 2007 жылы бет бұрған болатын. Содан қазіргі уақытқа дейін 26 кездесу өткізіп, 25 рет жеңіске қол жеткізді. Оның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтады.

Алайда 2015 жылдың соңында аздап жарақат алған ол жылдан астам уақыт емделіп, бүгін ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегінде сәттілік жолдас болып, қарсыласынан екі бірдей титуылдық атақты тартып алды. Міне, осылайша Жақиянов кәсіпқой бокстағы Головкиннен кейінгі екінші чемпионымыз болды. Алдағы уақыттарда да айқастары табысты бола берсін деп тілейік.