08:00, 02 Маусым 2022 | GMT +5
WBC Головкин - «Канело» үшінші жекпе-жегіне қатысты жаңа мәлімдеме жасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы үшінші жекпе-жекке қатысты жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

WBC сайтында жарияланған мәлімдеге сәйкес, айқас алдында боксшылардан кез келген уақытта допинг-тест алынатыны жазылған.
«WBC бекіткен барлық хаттамаларды орындай отырып, екі спортшы да VADA-ның барлық талабы бойынша ықпалдастыққа толық дайындығын атап өтті. Себебі Сауль Альварес пен Геннадий Головкин Таза бокс бағдарламасына (CBP) қосылған. Ол бойынша 17 қыркүйектегі жекпе-жекке дейін екеуінен кездейсоқ допинг-тестілер алынып отырады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2017 жылдың қыркүйегінде Головкин мен «Канело» кездесуі тең аяқталды.
Бір жылдан кейін, яғни 2018 жылдың қыркүйегінде С.Альварес төрешілер шешімімен Қазақстан спортшысын жеңді.
Головкин де Альварес те үшінші айқас туралы ресми мәлімдеме жасады.