WBC президенті: Головкин-Альварес реваншы болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық «Канело» Альвареспен (49-1-2, 34 КО) өтуі тиіс реванш 5 мамырда өтпейтін болды. Бұл туралы WBC президенті Маурисио Сулейман айтты, деп жазады «SPORTINFORM» САА.

WBC президенті: Головкин-Альварес реваншы болмайды

«Менің пікірімше, жекпе-жек (Головкин-Канело- авт) болмайды. Альварес ісі бойынша Невададағы тыңдалым 18 сәуірге көшірілді. Сондықтан жекпе-жектің 5 мамырда өтетінін көз алдыма келтіре алмаймын», - дейді Сулейман ESPN Deportes-ке берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, Сауль Альварес Невада штаты Атлетикалық комиссиясының (NSAC) шешімімен уақытша спорттан шеттетілген еді. 

Наурыз айының басында Сауль Альварестен алынған допинг-сынамалардың бірінен тыйым салынған препарат табылды. Оның мүддесін қорғайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы боксшының қан құрамынан тыйым салынған препарат - Кленбутерол табылғаны туралы ақпаратты растады.