WhatsApp-та «Медиафайлдармен бөлісу» мәзірі жаңарды
АСТАНА. KAZINFORM — WhatsApp-тың iOS нұсқасында медиафайлдарды жіберуге арналған жаңартылған интерфейс тестілеуден өтіп жатыр. Жаңа мүмкіндік қолданушыларға ағымдағы чаттан шықпай-ақ фото мен видеоларды жылдам бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл туралы WABetaInfo порталына сілтеме жасап, 24 kg жазды.
Жаңарту iPhone-ға арналған қосымшаның соңғы нұсқасынан анықталған. Енді пайдаланушылар бөлек галереяға өтпей-ақ, жіберу мәзірінің өзінен соңғы фото және видеоларды қарай алады. Ол үшін интерфейсте соңғы файлдар көрсетілетін 4×4 форматындағы ықшам тор бөлім пайда болған. Оны көлденең бағытта айналдырып көруге болады.
Егер қажетті файл соңғы материалдардың арасынан табылмаса, WhatsApp құрылғы галереясына толық қолжетімділікті автоматты түрде ашады. Сонымен қатар жаңа мәзірді хабарлама енгізу жолағындағы «плюс» батырмасын ұзақ басу арқылы да жылдам шақыруға болады.
WABetaInfo мәліметінше, жаңарту WhatsApp-тың iOS жүйесіне арналған 26.19.75 нөмірлі нұсқасын пайдаланушылардың бір бөлігіне қолжетімді бола бастаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін WhatsApp-та Meta AI-мен жеке сөйлесулер үшін «инкогнито режимі» қосылғанын жаздық.