WhatsApp-та Meta AI-мен жеке сөйлесулер үшін «инкогнито режимі» қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Meta WhatsApp-та жаңа құпиялылық режимінің іске қосылғаны туралы хабарлады, деп жазды AP.
Meta компаниясы WhatsApp-тағы жасанды интеллектімен жеке әңгімелер үшін «инкогнито режимін» іске қосты. Бұл режимде пайдаланушылар Meta AI чат-ботымен сөйлесе алады, бірақ әңгімелер сақталмайды және кейін қолжетімді болмайды.
Жаңа функция Meta AI — мессенджерге кіріктірілген жасанды интеллект көмекшісімен уақытша жеке диалогтар жүргізуге арналған. Компания мәлімдегендей, хабарламалар қорғалатын ортада өңделеді, ал чат тарихы сөйлесу аяқталған соң автоматты түрде жойылады. Бұл әңгімелерге тіпті компанияның ішкі жүйелері де қол жеткізе алмайды. Әдепкі деректер сақталмайды.
Функцияны іске қосу пайдаланушылардың жасанды интеллект қолданған кезде жеке өмірі мен деректер қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығын ескергеннен кейін жүзеге асырылды. Үлкен тілдік модельдер көп көлемдегі ақпаратты, соның ішінде пайдаланушылардың чатқа ерікті енгізген деректерін пайдаланып үйретіледі.
Айта кетейік, басқа технологиялық компаниялар да ұқсас құпиялылық құралдарын енгізген. Мысалы, Google Gemini чат-боты диалог тарихын өшіруге және модельдерді оқыту үшін тұтынушы деректерін пайдалануға тыйым салуға мүмкіндік береді. Сол сияқты ChatGPT-де де осындай баптаулар бар.
Еске салайық, whatsApp қолданбасы пайдаланушыларға «Топтық хабарламалар тарихы» деп аталатын жаңа мүмкіндікті ұсынды. Meta компаниясы мұны «көп сұранысқа ие мүмкіндіктердің бірі» деп атады.