WikiLeaks сайты Ирактағы соғыс туралы құпия құжаттарды жариялады
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат - Құпия мәліметтерді жариялаумен айналысатын атышулы WikiLeaks сайты Ирактағы соғыс туралы 392 мыңдай құпия құжатты жариялады. Бұл туралы аталмыш сайтта орналастырылған баспасөз баянында айтылып отыр. Жарияланған құпия материалдар 2009 жылдың қаңтар айы мен 2009 жылдың желтоқсан айының аралығын қамтыған, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Құжаттарда атап көрсетілгендей, осы аралықта Иракта 109 мыңдай адам қаза тапқан. Олардың 66 мыңы - бейбіт тұрғындар болса, 23 мың 984-і - содырлар, 15 мың 196-сы - Ирак үкіметтік армиясының әскерилері мен полиция қызметкерлері, 3 мың 771-і - АҚШ пен олардың одақтастарының жауынгерлері. Орта есеппен Иракта бір күнде 31 бейбіт тұрғын қаза болып отырған. Бұл мәлімет ресми статистикадан әлдеқайда жоғары екенін айта кету керек.
Сайтта жарияланған құпия құжаттардың қатарында, сондай-ақ АҚШ пен ирак армиясы әскерилерінің, сондай-ақ құқық қорғау органдары өкілдерінің әскери қылмыстары туралы мәліметтер де бар. Атап айтқанда, Ирактың құқық қорғау органдарының қызметкерлері АҚШ әскерінің бақылауындағы аумақтарда ұсталған адамдарды азаптағаны туралы деректер бар. Ал Ирактағы АҚШ армиясының қолбасшылығы ондай қылмыстарға көзін жұмып қарап, Ирак полициясының ұсталған азаматтарды азаптау фактілерімен байланысты оқиғаларды тексеруге тыйым салу туралы арнайы бұйрық шығарған.