Winter Run: 20 ақпанда Алматы қаласы жолдарының бір бөлігі жабылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Winter Run» жарысының ұйымдастыру комитеті Алматы тұрғындары мен қонақтарына жарыс өтетін күні жолдардың ішінара жабылатыны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Winter Run: 20 ақпанда Алматы қаласы жолдарының бір бөлігі жабылады

20 ақпан күні «Winter Run» жарысы өтетін уақытта, яғни, таңғы сағат 05:00-ден 13:00-ге дейін жарыс қашықтығы өтетін жерлерде жолдардағы қозғалыс ішінара жабылады.

Жарыс сөресі «Нұрлы-Тау» бизнес орталығының жанынан басталады. Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Назарбаев даңғылынан Желтоқсан көшесіне дейінгі жол бөлігінде қозғалыс сағ. 05:00-ден 13:00-ге дейін жабық болады.

Әл-Фараби даңғылы бойында туннельге кіретін аймақ Меңдіқұлов көшесінен бастап сағ. 05:00-ден 13:00-ге дейін жабық болады.

Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағымен автокөліктердің жүруіне болады.

Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Желтоқсан көшесінен Esentai Mall сауда орталығына дейін қозғалыс сағат 07:40-тан 11:00-ге дейін жабық. Оңтүстік жағы автокөліктер үшін ашық.

Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Esentai Mall сауда орталығынан Гагарин даңғылына дейін қозғалыс сағат 08:30-дан 10:45-ке дейін жабық болады. Оңтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық.

«Нұрлы-Тау» бизнес-орталығына көлікпен жету үшін ұсынылатын маршрут:

1. Желтоқсан көшесінің бойымен оңтүстікке қарай Әл-Фараби даңғылына дейін,

2. Назарбаев даңғылының бойымен оңтүстікке қарай Әл-Фараби даңғылына дейін,

3. Әл-Фараби даңғылының бойымен батысқа қарай Назарбаев даңғылына дейін,

4. Назарбаев даңғылының бойымен солтүстікке қарай Әл-Фараби даңғылына дейін,

5. Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағымен Желтоқсан көшесіне дейін.

«Жолдардың жүктелу деңгейінің жоғары болуына байланысты қатысушыларға жарыстың басталу орнына («Нұрлы-Тау» БО) Әл-Фараби даңғылы мен Сейфуллин көшесінің қиылысына дейін автобуспен жетуге кеңес береміз. Сөре қалашығының жанында көлікті тұраққа қою қиын болатындығына назарларыңызды аударамыз»,- деді ұйымдастырушылар

Естеріңізге салайық, 20 ақпанда (жексенбі) «Winter Run» жарысы өтеді. Спорт әуесқойларына 3 км жүгіру қашықтығы ұсынылған. Олар:

3 км балалар қашықтығы,

10 км және 7 км скандинавиялық жүріс.

Қатысушылардың жас мөлшері – 10 жастан жоғары. Жарыс сөресі «Нұрлы-Тау» бизнес орталығының жанынан беріледі.