WIW-2018: Қостанайлық студенттер инвестициялық сауаттылығын арттырмақ

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда инвесторлардың екінші халықаралық апталығы (WIW-2018) аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының(АХҚО) өкілдері жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

WIW-2018: Қостанайлық студенттер инвестициялық сауаттылығын арттырмақ

Жастардың қаржылық және инвестициялық сауаттылығын арттыруға бағытталған шара А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғимаратында басталды. Жиынды «Астана» Халықаралық қаржы орталығының «жасыл» қаржыландыру департаменті директоры Әсел Нұрахметова жүргізді. Оның айтуынша, «жасыл» экономика бүгінде  адамзаттың дамуына айтарлықтай әсер етеді. 

«Негізі, қалыпқа келетін энергия көздері, яғни экология «жасыл» қаржы түсінігіне жақындайды. «Жасыл» инвестициялар - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының дамуының негізгі бағыттарының бірі. 1992 жылы БҰҰ әлемнің бірнеше мемлекетінің қатысуымен климатқа қатысты конвенция қабылданды. 2015 жылы өткен Париж келісімін жақсы білесіздер. Бұл жиындардың бәрінде экологиялық тұрақтылық туралы жан-жақты айтылды. Келісім бойынша дамыған және өтпелі экономикасы бар елдер жылыжай газдар шығарындыларын азайтуы және тұрақтандыруы керек. Қазақстан бұл келісімнің аясында 2030 жылы жылыжай газдар шығарындыларын 15 пайызға азайтуға міндеттелді», - деді Әсел Нұрахметова. 

Сондай-ақ, Әсел Нұрахметова студенттерге жасыл облигациялардың қарыз капиталы нарығының негізгі құралы ретінде рөлі туралы түсіндірді. АХҚО мемлекеттік деңгейде тәуелсіз облигациялар мен мемлекеттік кепілдіктер беру мәселесінде құзырлы министрліктермен тығыз қарым-қатынас жасайды. АХҚО-ға шағын және орта бизнес өкілдері өтініштерін жібереді, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу және «жасыл» өнімдерді шығару бойынша зауыттар бар. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жаңартылатын энергия көздері және энергияны үнемдеу бойынша жобаларын жібереді. Әрбір жоба кіріс және тиімділік мәселесі бойынша барлық деңгейлерде мұқият тексеруден өтеді.

Жиында АХҚО исламдық қаржыландыру департаментінің менеджері Қазыбек Жұман исламдық және жасыл қаржыландыру жайында баяндама жасады.

«Қазақстанда дәстүрлі банктерден бөлек исламдық қаржыландыру да бар. Бұл әлдебір діни наным-сенімдерге байланысты іске асатын банк деп ойлауыңыз мүмкін. Әсте олай емес. Исламдық қаржыландыру үлестерді теңдей бөлу арқылы жүзеге асады. Исламдық қаржыландыру Орталық Азиядағы қаржыландыру хабы саналады. Сонымен қатар, бізде инвесторлармен жұмыс бір жолға қойылған», - деді ол.

Күннің екінші жартысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері өңірлік бизнеске арналған таныстырылымды ұсынбақ.  Онда АХҚО сарапшылары жалпы бизнес, жасыл және исламдық облигацияларды шығару ерекшеліктерін, АХҚО тіркелу амалдарының артықшылықтарын көрсетеді.

Айта кетейік,  «IOSCO» Құнды қағаздары жөніндегі халықаралық комиссия ұйымы қолдауымен 2018 жылдың 1-7 қазанында Инвесторлардың екінші халықаралық апталығы (одан ары - WIW-2018) өтеді. Бір апта бойы 80-нен астам қаржылық реттеуші ұйымдар мен 6 құрлықтың қаржы нарығына мүдделі қатысушылары түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлады. Олардың басты мақсаты - қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау және инвестициялау негіздерін түсіндіру.